Экотуризмді дамыту әлеуеті қолға алынбақ

24.12.2021, 14:00

Қазақстанда экохабтарды дамыту ісі қолға алынбақ. «Келесі жылдан бастап табиғат сақшыларының басын біріктіретін алаңдар еліміздің ұлттық саябақтарында орналасқан визит-орталықтардың аумағынан ашыла бастайды. Барлығы 14 экохабты құру жоспарланған» деп мәлімдеді «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығының басшысы Самал Ибраева. Оның айтуынша, экосаяхатты қоршаған ортаға зиян келтірмей, дұрыс бағытта дамыту мақсатында экобелсенділер, ғалымдар, мемлекет пен бизнес өкілдері жұмылдырылады.

Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде ұлттық саябақтарға 1,5 миллионға жуық адам келген. Сарапшылар бұл шек емес, туристер ағынын арттырудың әлеуеті әлі де зор екенін айтады. Ол үшін салалық қауымдастық бірқатар тың бастама ұсынып отыр. Бұл ретте экотуризм туралы жеке заң жобасын әзірлеу, туристік нысандарды салудың бірыңғай «жасыл» стандарттарын құру және кәсіпкерлікті дамыту көзделген.

Самал Ибраева, «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Қазір заңнамалық жұмысты бір ізге салып алуымыз қажет. Себебі әрбір ұлттық саябақта экотуризмді дамытуға қажетті қарапайым инфрақұрылымдық желі болуы керек. Бұл бағытта бизнеске арқа сүйейміз. Сондай-ақ балалармен жұмыс істеуді жоспарлаудамыз. Бізде еріктілер қызметі құрылған. Олармен бірге жаңа туристік бағыттар, іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз. Әрбір ұлттық паркте бірыңғай бизнес-үрдісті құруымыз қажет. Кәсіпкерлермен жұмыс істеу барысында халықаралық тәжірибеге сай, «жасыл» стандарттарға жауап беретін бірыңғай жүйені қолдану маңызды. Бұл бағытта алға қарай жылжуды көздеп отырмыз.

Автор: Жеңіс Ермұқанов