Бауыржан Момышұлы туралы кітап түрік тілінде жарық көрді

24.12.2021, 13:00

Кеңес Одағының батыры, әскери қолбасшы, стратег, қаламгер Бауыржан Момышұлының туғанына – 111 жыл. Даңқты қолбасшы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келді. Батырдың есімі өз елінде ғана емес, дүниежүзінде ерекше құрметпен аталады. Қолбасшы туралы туындылар қатары жуырда «Түркістанның от баласы – Бауыржан Момышұлы» атты түрік тіліндегі кітаппен толықты. Авторы – Анадолы еліне белгілі қаламгер Ашур Өздемир.

Биографиялық туынды үш бөлімнен тұрады. Бауыржан Момышұлының отбасы, балалық шағы мен жастығы, әскердегі және одан кейінгі өмірі, адами қасиеттері туралы кең мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ кітапқа ой-пікірлері, қазақ әдебиеті туралы көзқарастары және әдеби аудармалары енген.

Айта кетейік, кітап таныстырылымы Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастырылуымен Анкара қаласында өтті.

Ашур Өздемир, кітап авторы:

- Бұл – ұстазым Мекемтас Мырзахметовтың магистрлік диссертацияға ұсынған тақырыбы. Жазуға екі жылдай уақыт кетті. Кітап етіп жарияламас бұрын бір жылға жуық жан-жақты зерттедім. Қызық әрі отты адам, мінезі де сондай. Бірқалыпты, айтқанынан қайтпайтын қайсар адам болғандықтан, түрік оқырманының көңілінен шығады деп ойлаймын.