Секциялар мен үйірмелерді қаржыландыру жүргізілді

22.12.2021, 10:00

Қазақстанда 150 мыңға жуық бала спорт және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұған жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен қол жеткізілді. Бағдарлама биыл мамыр айында іске қосылды. Балалардың спортпен тегін айналысуына 7 млрд теңге, ал шығармашылық үйірмелерге 5 млрд-қа жуық қаржы бағытталды.

Ғалымжан Әбдіқадыров, үйірмеге қатысушы:

- Қолжетімді спорт түрлері туралы Instagram желісінен білдім. Хабарландыруды көріп, барамын деп шешім қабылдадым.

Данияр Әлимусинов, каратэ бапкері:

- Қазіргі уақытта үйірмеде 40 шақты бала бар. Алдымен жаттығуды «Жерұйық» саябағында бастадық. Уақыт өте келе аудан тұрғындары да қосылды. Ал қазір залға келеді. Ата-аналарымен де хабарласамыз, барлығы дән риза.

«Жаңа бағдарлама бұқаралық спортқа серпін беріп, балалар мен жасөспірімдерді бос уақытпен 100% қамтуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Рүстем Байсейітов, Алматы қаласы спорт басқармасының жетекшісі:

- Бүгінде футбол, каратэ, шахмат ойыны, жүзу мен таэквондо үйірмелері сұранысқа ие. Жан басына шаққанда қаржыландыру бойынша, балаларға арналған осы үйірмелер көш бастап тұр.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл бастама бизнеске де оң әсерін тигізеді. Мәселен, бағдарламаның басында 220 жеткізуші болса, қазір олардың саны 1 500-ге дейін жетті. Қолданыстағы нормативтік актіде спорттың 71 түрі бар. Бірақ қазір талдау жүргізіліп жатыр. Соның негізінде тағы 60 спорт түрін енгізу жоспарлануда.

Алдағы уақытта бағдарлама бойынша шығармашылық үйірмелер санын да көбейту жоспарда бар. Ол үшін келесі жылы қаржыландыру көлемін бірнеше есеге арттыру көзделген.