Үкіметте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары айтылды

15.07.2022, 18:37

Қазақстанда қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленеді. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, құжат елді тәтті өніммен қамтамасыз ету үшін нақты мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Ол жаңа суармалы жерлер мен ылғал үнемдейтін технологияларды ендіру, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын өңдейтін қуаттарды жаңғыртып, жаңа зауыттар салу арқылы шикізат қорын ұлғайту шараларын қамтиды. Жиында АӨК-ді импорт тәуелділігінен арылту мәселесі сөз болды.   

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Жалпы, 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 295 млрд. теңге сомасына 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд. теңге сомасына 81 жоба іске асырылатын болады. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі.

Елімізде негізгі тауарлар балансын қалыптастыратын бірыңғай ақпараттық жүйе құрылмақ. Ол ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қолға алған бастама екенін мәлімдеді  сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. Азық түлік қауіпсіздігі бағдарламасын әзірлеуді де жеке бақылауыма аламын деді ол.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Онда өндірушілердің ішкі нарықты толықтыру жөніндегі қарсы міндеттемелерін бекіту бөлігінде саланы субсидиялау және қолдаудың басқа да шараларын ұсыну бойынша тәсілдер қайта қаралатын болады. Нақты және тиімді өндірушілердің тезірек пайда болуына назар аударылады.

Отырыс соңында Үкімет басшысы мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен квазимемлекеттік секторды  жұмыста барынша белсенді болуға шақырды. Әлихан Смайылов өзара іс-әрекетті жолға қойып, әр сұрақты бірлесіп  пысықтаудың маңызын  еске салды.