Қ. Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Республикалық референдум өткізуді ұсынды

29.04.2022, 18:33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.  Бұл туралы Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында мәлімдеді. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады», –деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілген. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған.

Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Бұған қоса Президент Ассамблея жанынан  Этномедиация оқу орталығын құруды тапсырды.