Сенат биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын мақұлдады

28.04.2022, 17:00

Сенат биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен жөн. Әлемде коронавирус инфекциясы өршіп таралған кезде елімізде биологиялық қауіпсіздік саласында жүйелі проблемалар бар екені байқалды. Осы орайда, Президент биологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайту қажеттігі туралы мәселені көтерген болатын. Бүгінгі сенат отырсында заң жобасын таныстырған еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният , оны әзірлеуге Министрліктің 13 мүдделі мемлекеттік органы, жергілікті атқарушы органдар мен  ғылыми-практикалық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылғанын айтты. Заң жобасының негізгі мақсаты - бұл биологиялық қауіптерді ерте анықтау, алдын алу және оның профилактикасы.

Сондай-ақ министр құжат негізінде әрбір ықтимал қауіп үшін арнайы назар аудару сценарийлері әзірленетінін мәлім етті. Онда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар іс-қимылдарының, олардың төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылының алгоритмдері жасалады.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау Министрі:

– Аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардың кадрлар резерві қалыптастырылады, қажет болған жағдайда олар аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге жұмылдырылады. Патогенді биоагенттермен жұмыс істейтін объектілерді материалдық-техникалық жарақтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес келтіріледі. Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жоспарлануда. Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген.

Негізгі заң жобасы 8 тараудан және 32 баптан тұрады. Ол қолданысқа ену   алты айлық өтпелі кезеңді және патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды рәсімдеу мен қайта рәсімдеу үшін қосымша 6 ай қажет. Айта кетейік, палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, қабылданды. Ілеспе заң жобасы 3 кодекс пен 11 заңды қоса алғанда, 14 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.