Қазақстанды түбегейлі өзгеріс күтіп тұр – сарапшы

13.01.2022, 14:00

Қазақстанды әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. Алдағы жылдары отандастарымыз жаңа Үкіметтің атқарған жұмыстарының жемісін көреді. Мұндай пікірді саяси ғылымдар докторы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев айтты. Оның айтуынша, жаңа Қазақстанды құруда тек билік қана емес, барша қоғам атсалыса алады. «Өзінің ашық үндеуінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономикадағы қиындықтарды атап өтті», – дейді сарапшы. Оның қатарында олигополия және олигархизация, таптық теңсіздік және басқа да маңызды тақырыптар бар.

Санат Көшкімбаев, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Президент үндеуінде барлығымыз бірлесіп жаңа Қазақстанды құруға шақырды. Яғни біз өзіміз көргіміз келетін, келешегі бар Қазақстанды қалыптастыру. Бұл үндеу бір сөзбен жап-жаңа парақ секілді, онда әрбір қазақстандық өз тілектері мен сұрақтарын жаза алады. Нақтырақ айтсам, бұл Президенттің Парламент және Үкіметпен тікелей диалогы ғана емес, қоғаммен, Қазақстан халқымен тікелей тілдесуі болды.

Спикердің айтуынша, бұл жерде сөз қоғам өмірінің барлық саласындағы кешенді реформалар туралы болып отыр. Сондай-ақ сарапшы өзгерістерге уақыт пен күш қажет екенін атап өтті.