Әлихан Смайылов ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды

11.01.2022, 11:31

Үкімет үш апта ішінде 2022 жылға іс-әрекет бағдарламасын әзірлеуі тиіс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет басшысына осындай тапсырма берді.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің отырысында Әлихан Смайылов ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды. Оның кандидатурасын төменгі палата депутаттары бірауыздан қолдады. Жаңа Үкімет басшысы тағайындаудан кейін 2022 жылға арналған негізгі міндеттерді атады. Олардың қатарында тиімді макроэкономикалық саясатты жүзеге асыру, жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Қазіргі кезде Мемлекет басшысының жетекшілігімен елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халық үніне құлақ асатын мемлекетке бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, іске асатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың тұрмысын жақсарту туралы тапсырмаларыңыз Үкімет үшін басым міндет болмақ.

Айта кетейік, Әлихан Смайылов әр жылдары мемлекет басшысының көмекшісі қызметін атқарған. Бұған дейін ол бес жыл статистика агенттігінің төрағасы болды. Өз мансабында екі рет Қазақстанның Қаржы министрінің орынбасары болған. 2019 жылғы Үкіметтің отставкасына дейін Қаржы министрі қызметін атқарды.