Президент ахуалды тұрақтандыру туралы тапсырма берді

05.01.2022, 15:00

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Президент өз сөзінде инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын айтты. «Бұл – ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады», - деді ол. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде Энергетика министрлігі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты. Саладағы түйткілді шешу үшін ауқымды реформалау жүргізілмек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отставкасы туралы Жарлыққа қол қойды. Премьер-Министрдің міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Атап өтейік, жаңа құрам бекітілгенге дейін Үкімет мүшелері өз міндеттерін атқара береді.