«Астана Опера» театры Алматыда қонақта

22.12.2021, 17:00

Алматылықтар бір актілі «Шахеразада» хореографиялық драмасын тамашалады. «Астана Опера» театрының балет труппасы оңтүстік шаһарға іссапармен барды. Олар Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының сахнасында мерекелік бағдарламамен өнер көрсетті. Артистердің шеберлігі, қойылымның әсерлі музыкасы, тарихи декорациялары мен костюмдері алматылық талғампаз көрермендерді ертегі әлеміне елітті.

Гаухар Усина, «Астана Опера» театрының жетекші солисті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Мен «Шахеразада» спектаклінде Зобеиданың партиясын орындаймын. Мен үшін бұл – өте ерекше қойылым, себебі шығарма эмоцияға толы. Оған қоса Шығыстың өзіндік колориті менің жаныма жақын. Бұл партия техникалық жағынан қиын емес, эмоционалды. Эмоцияны 12 минут бойы жеткізуге үлкен шыдамдылық және тынысты дұрыстап алу үшін күш керек. Ол үшін біз үнемі залда жұмыс істейміз. Сахнада ол көрінбейді деген үміттемін және көрермен біздің орындаумыздан ләззат алып, толысып қайтады деп ойлаймын.

Людмила Рудакова, педагог-балетмейстер:

- Маған «Шахеразада» қатты ұнайды. Ол – таза классика, мұра. Тамаша қойылған. Өте жақсы орындалды. Әрине, басқа орындау күтпедім. Біздің әртістер жарап тұр. Балет өнері дамып, өркендеп келеді. Бұл – қуантатын жағдай.

Гастрольдік бағдарламаға Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова сынды театрдың жетекші солистері қатысты. Артистер гала-балеттің классикалық және заманауи қойылымдарынан түрлі көрсетілімдер енгізілген екі нұсқасын дайындады. Көрермен назарына Чайковскийдің «Аққу көлі», Бананың «Дала үні» және Шопеннің «Елес балы» ұсынылды.

Авторы: Ақзер Сегізбай