2022 жылға арналған жаңа индустрияландыру картасына 91 жоба енгізілді

28.04.2022, 15:40

2022 жылға арналған жаңа индустрияландыру картасына 1 жарым триллион теңгені құрайтын 91 жоба енгізілді. Бүгінде олар ашық нормативтік құқықтық актілер порталында талқылануда. Нысандардың басым бөлігі Оңтүстік және Орталық Қазақстанда шоғырланатын болады. Тізімге тоқыма, фармацевтика өнеркәсібі объектілері және құрылыс материалдары зауыты кіреді. Бұл өндіріс орындары Шымкентте салынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қалада түсті металл концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт та іске қосылмақ. Ал елорда мен Ақмола облысында үй құрылысы комбинаты, бетон, кірпіш, асфальт зауыттары, онымен қоса кондитер фабрикасы, құс етін, балықты өңдейтін, еттен жартылай дайын өнім шығаратын бірнеше кәсіпорын  салынбақ. Солтүстік-шығыс аймақтарда ауыл шаруашылығы, өңдеу және автомобиль өнеркәсібі салаларындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қостанай облысында көлік техникасын шығаратын төрт ірі зауыт индустрияландыру картасына енген. Республиканың батысында кәсіпкерлер полипропилен өндіретін газ-химия кешенін салуды көздеп отыр.