Қазақстан Қырғыз Республикасына 15 миллион доллардың өнімін жеткізеді

28.04.2022, 11:29

Қазақстан Қырғыз Республикасына 15 миллион доллардың өнімін жеткізеді. Келісім Бішкекте өткен бизнес-форумда жасалды. Аталған шараға еліміздің атынан 20 отандық компания қатысты. Бұл негізінен азық-түлік тауарлары, құрылыс материалдары, медициналық тауарлар және химия өнеркәсібі өнімдері.

Асқар Салымбеков  «ДОРДОЙ» қауымдастығының құрметті президенті:

– Біз де, қырғыз тарапы да жұмысқа белсенді кірісуіміз керек деп ойлаймын. Бір экономикалық одақта ынтымақтасудың үлгісін көрсетуіміз қажет. Сонда ешкім бізге бөгет жасай алмайды.

Қазақстан мен Қырғызстан жаңа нарықтарға шығу үшін күш біріктіруге дайын. Бұл мақсатта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада өндірістік сауда-логистикалық орталық салу көзделіп отыр. Ол Қазақстан тарапынан Қарасу шекара өткелі мен қырғыз тарапынан «Ақ-Тілек» өткізу бекетінің маңында салынады. 80 гектар ауданда қойма, өндіріс ғимараттары мен жүк тиеу алаңдары орналасады.

Дінмұхамед Әбсаттаров «ҚАЗЭКСПОКОНГРЕСС» ҰҚ Төрағасының орынбасары:

– Сауда-логистикалық орталықтың басым бағыттары белгіленді. Бұл өндіріс, бәселестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеуге арналған орындарды құру, жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірісті дамыту, халықаралық тауар өндіру жүйе саласында логистикалық нысандар салу.

Соңғы жылы қос ел арасында сауда айналымы 971 миллион доллар болғанын айта кеткен жөн. Сарапшылар бірлескен сауданың әлеуеті әлдеқайда жоғары деп есептейді. Енді оны 2 жарым миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.