Ұлттық банк базалық ставканы 14%-ке көтеру себебін түсіндірді

27.04.2022, 16:23

Ұлттық банк базалық ставканы 14%-ке көтеру себебін түсіндірді. Аталмыш қаржы институтының төрағасы Ғалымжан Пірматовтің айтуынша, мұндай шешім инфляцияның шарықтауына тосқауыл қою жолындағы қажетті шара ретінде қабылданған. Оның сөзінше, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты инфляция айтарлықтай өскен. Сыртқы нарықтардағы құбылмалық әлі күнге дейін сақталып отыр. Бағаның өсуі  бар салаларда байқалады. Бұл жағдайда жылдық инфляция 12 пайызға дейін өсті. Осы жағдай тұрақталмайынша базалық мөлшерлемені төмендету күн тәртібінде тұрған жоқ деді, Ғалымжан Пірматов. Ол екінші тоқсанда инфляция әлі де өсетіні болжанғанын жеткізді.

«Осыған байланысты инфляцияға қарсы ақша-кредит саясатының рөлі қазіргі кезде тұтынушылардың қаражат жинақтау әрекетін қолдау үшін маңызды. Аталған шаралардың көмегімен біз сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына және екі таңбалы көрсеткішке жеткен инфляцияның ретсіз өспеуіне ықпал ете аламыз. Сондықтан біз үшін базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім, бірінші кезекте, инфляцияның өсу үрдісіне жол бермеу жолындағы қажетті шара», - дейді Ұлттыұқ банк төрағасы

  

Жеңіс Ермұқанов.