2022 жылдың басынан бері Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт 15 есе өсті

26.04.2022, 15:49

2022 жылдың басынан бері Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт 15 есе өсті. Қос тарап сауда айналымын рекордты көрсеткіш – 175 миллион долларға жеткізді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде ол небәрі 12 миллион долларды құраған еді. Отандық экспорт көлемінің 60-70 проценті - мұнай мен мұнай өнімдері, металл мен металл бұйымдары, құрылыс материалдары, орман мен химия өнеркәсібі өнімдері. Жеткізілімдердің ұлғаюын сарапшылар қос ел арасында экономикалық пен транзиттік ахуалдың жақсаруымен түсіндіреді. Сондай-ақ, қазіргі геосаяси жағдайға қатысты тауар айналымының жаңа бағыттары пайда болып, бизнес оңтайлы әрі қауіпсіз бағдарларды таңдауға тырысады.

Эльшад Мамедов, экономист:

– Әрине Қазақстан экспортының өсуі ең алдымен қуат тасымалдағыштардың экспортымен байланысты. Қысқа мерзімде осы үрдіс жалғасады деп ойлаймын, өйткені бұған Украинадағы жағдай және жалпы қазіргі экономикалық ахуал әсер етті. Сондықтан жыл соңына дейін мұнай бағасының өсуі жалғаса береді.

Қазір қос тарап мультимодалды тасымалды арттыруға басымдық беруде. Транскаспий бағдары бойынша жүк тасымалы қарқынды дамытылуда.

Эльшад Мамедов, экономист:

– Еуразиялық экономикалық интеграция күшейе береді деп ойлаймын. Қазақстан сыртқы экономикада өз көршілерімен экономикалық интеграцияны дамытуға басымдық береді. Осы тұрғыда сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету Әзербайжан үшін де, Қазақстан үшін де тиімді.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Транскапий бағдарымен жүк тасымалы 123 процентке өсіп, 266 мың тоннаға жетті. Ал контейнерлерді артып-тиеу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 19 процентке артты.