Нұр-Сұлтанда төрт ірі жоба іске қосылады

21.04.2022, 14:00

Қазақстан астанасының инвестициялық тартымдылығы арта түсті. Қазір бас қалада тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы салаларында төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл – экономиканың стратегиялық маңызды секторлары. Жаңа өндірістер азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және импортты алмастыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елордалық жобалардың жалпы құны 19 жарым млрд теңгеден асады. Бұл қаражатқа келесі жылы қалада бетоннан жасалған ұсақ өнімдер шығаратын зауыт салынады. Оның қуаттылығы жылына 132 мың тонна өнімді құрамақ.

Ербол Канафин, Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының Басқарма Төрағасының орынбасары:

– Өндірістік азық-түлік кешенінің жобалары да айтылды. Бұл кешенге сүт зауыты, наубайхана және көкөніс қоймасы кіреді. Тұтастай алғанда, жобалар толықтай іске қосылған кезде мыңға жуық жұмыс орны құрылады. 2025 жылға дейін тағы бірқатар жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, 5 мың адам үшін жұмыс орындары құрылады.

Сондай-ақ, келесі жылдан бастап газдалған бетон зауытын іске қосу көзделген. Оның жылдық қуаты 100 мың текше метр өнім шығаруға жетеді. Ал 2024 жылы логистикалық орталығы бар өндірістік база пайдалануға беріледі. Ол жерде айына 100 тонна жартылай фабрикат, 30-40 мың тоқыма өнімі және 50 дана жиһаз бұйымдары өндірілмек.

 

Автор: Ақзер Сегізбай