ЕАЭО елдерінің бизнесмендері 1 трлн теңгеден астам қаражат үнемдейді

19.04.2022, 16:50

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бизнесмендері кедендік баж салығын уақытша алып тастаудан  1 трлн теңгеден астам қаражат үнемдейді. Бұл туралы Мәскеу-Минск-Бішкек-Ереван-Нұр-Сұлтан бейнекөпірі барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда министрі Андрей Слепнев мәлімдеді.

Барлығы мың жарым тауарға кедендік баж салығын алып тастау туралы шешім қабылданды. Оның ішіне азық-түлік, химиялық заттар, құрылыс және басқа да материалдар кіреді. Жуырда Еуразиялық экономикалық одаққа серіктес елдер келісімдердің қосымша пакетін қабылдайды деп күтілуде. Баж салығын жою  туралы шешім 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін жарамды.

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі:

– Есептерге сәйкес, үш пакетті жүзеге асыру кезеңінде баж салығынан босатудан бизнес шамамен 200 млрд рубльді үнемдейді. Бұл есеп-қисап шығындары мен логистика мәселелерін ішінара өтеуге арналған қаражат. Мұны бизнес үшін тікелей қолдау деп атауға болады.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бизнес-үдерісті ынталандыру шаралары қабылданады.

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі:

– Өзара саудамызды кеңейту өте маңызды. Яғни өзара инвестицияны ынталандыру қажет. Ол үшін республикалық деңгейде қабылданып жатқан ынталандыру шараларын үйлестіру керек.