Бизнес шығыны 103,7 млрд теңгеге жетті

12.01.2022, 14:05

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бизнеске келтірілген шығын көлемі 103,7 млрд теңгеден асты. Бұл жөнінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады. Байланыс орталығына 5 мыңға жуық қоңырау түскен. Екі мыңға жуығы мародерлық, 300-дейі бизнесті қалпына келтіру және зардап шеккен мүлікті бағалауға қатысты. Call-орталыққа хабарласып жатқан кәсіпкерлер әлі де бар. «Сондықтан бұл сан сөзсіз өседі», – дейді мамандар.

Арнайы комиссияның дерегі бойынша ел аумағында 1 615 кәсіпкерлік нысаны талқандалған. Оның дені Алматы қаласында. Әсіресе тауар сатумен айналысатын бизнес өкілдері шығынға батты. Олардың саны 1500-ге жуық. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары мен қаржы орталықтарына, логистика саласына да айтарлықтай зақым келген.