Еліміздегі ахуал әлемдік қаржы нарығына қалай әсер етті?

11.01.2022, 10:00

Қазақстандағы ахуал халықаралық қаржы нарығына айтарлықтай әсер етті. Биткоиннің нарықтағы бағасы 40 мың долларға дейін төмендеді. Бұған біздің елдегі жағдайға қоса АҚШ-тың ақша-несие саясатын қатаңдатуы да әсер етті. Дегенмен сарапшылар жағдайдың құбылмалылығына байланысты алда белгіленетін баға көрсеткішін болжай алмайды. Қазақстан – биткоин өндіру бойынша әлемдегі екінші мемлекет. Майнингтік фермалардың 18% біздің елде шоғырланған. Елдегі террорлық операция барысында интернет тек белгіленген уақытта ғана беріліп жатқандықтан, биткоин өндірісіне кедергі келтірген.

Еске салайық, қарашадан бері криптовалюта құны 69 мың долларға дейін көтеріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен еді.

Отандық ірі компаниялардың акциялары біртіндеп қалпына келе бастады. Бұл туралы еліміздің сарапшылық агенттігінен хабарлады.

Айта кетейік, елдегі террорлық актілердің салдарынан Каспий банктің акциялары 30% дейін төмендеп, 82 долларға тең болды. Ал Қазатомөнеркәсіптің құнды қағаздары 7% құлдырап, бір акция құны 37 доллар төңірегінде тұрақтады. Халык банк акциялары 19% төмендеп, 13 доллар шамасында қалған еді. «Алайда қазір елде жағдай тұрақталған соң, акциялардың құны қайта көтеріле бастады», - дейді сарапшылар.