2021 жылғы экономикалық көрсеткіштер қандай?

30.12.2021, 14:00

Инвестициялық белсенділік, алыс-беріс көлемін арттырып, экспортқа басымдық беру. Бұған қоса қызмет көрсету саласын жетілдіру және нақты сектордағы тұрақты өсім қарқынын қамтамасыз ету. Дәл осы қадамдар биыл отандық экономиканың қарыштап дамуына негіз болды. «Бұл орайда ақпарат және байланыс, сауда, су және электрмен жабдықтау, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларының үлесі басым», - дейді сарапшылар. Сырттан қаржы тартудың көздері артып, осы бағыттағы әлеуетті барынша кәдеге жарату да ел ауқатын асыруға сеп болған. Қаржыны тиімді құятын бағыт та жетіп артылады. Оған үздік инвесторлар көшінде келетін аспанасты елі куә.

Ерлан Зейнешев, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі таңда Қытай – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Аспанасты елі экономикамызға ең көп қаржы құятын мемлекеттердің бестігіне кіреді. 2020 жылы тараптардың өзара тауар айналымының көлемі жаһандық пандемияға қарамастан 4% артып, 15 млрд АҚШ долларынан асты.

Ағымдағы жылы құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі артқанын да айту керек. Өсім екі еседен асқан. Бұл орайда қаржы тарту өңдеу өнеркәсібінде – 50,5%, ал ауыл шаруашылығында – 40,5% және саудада 35% ұлғайған.

Қалыбек Мағзұм, ҚР ҰЭМ Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті басқармасының басшысы:

- Қазір бізде сауда балансы нығайды. Жалпы алғанда 14,1% өсіп, 82,2 млрд долларды құрады. Бізде экспорттың жоғары өсімі байқалады. Отандық өнімді тасымалдау 23,5% артып, 49,1 млрд долларды құрады. Оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты басым. Бізде бұл бағыт қарқын алып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Яғни өңделген тауарлар экспорты 24,4% өсіп, 15,5 млрд долларды құрады.

Сарапшылардың есебінше, 2021 жылы тұрақты өсу үрдісін өңдеу өнеркәсібі көрсеткен. Осы жылдың 10 айында өндіріс көлемі 5,2% артқан. Өсудің оң серпіні барлық өңірлерде байқалады. Бұл ретте Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары көш бастап тұр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов