Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші өсті

21.12.2021, 16:00

Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын көрсетіп, пандемияға сәтті бейімделді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге жетті. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 3,8% өсті. Қаңтар-қазан айларында елдің сыртқы сауда айналымы 82 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% артық. Сондай-ақ экспорт көлемі 49 млрд доллардан асып, 23,5% сенімді өсім  көрсетті.

Қалыбек Мағзұм, ҚР ҰЭМ Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті басқармасының басшысы:

- Барлық сала бойынша оң динамиканы байқап отырмыз. Өңдеу өнеркәсібі, электрмен, сумен жабдықтау жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сондай-ақ бізде ақпарат пен байланыс саласы да айтарлықтай өсім көрсетті. Ал сауда қайта қалпына келіп, серпінді өсім көрсетуде. Құрылыс саласында да өсім байқалып тұр.

2021 жылы нақты сектордың өсуі, сауданың дамуы, жоғары инвестициялық белсенділік Қазақстан экономикасының сенімді дамуының факторына айналды. Биылғы жылы капитал салымдары негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және сауда сияқты салаларға бағытталды.

Қалыбек Мағзұм, ҚР ҰЭМ Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті басқармасының басшысы

- Инвестициялар бойынша соңғы 2 айда өсім оң динамика көрсетіп отыр. Қазір өсім 2,6% құрайды. Бұл жерде біздің өндіруші емес саладағы инвестициялардың өсіп келе жатқанын атап өту керек. Жалпы алғанда тау-кен өндіру саласын қоспағанда, өсім 17,1% құрады. Экономиканың белсенді өсу факторларының бірі осы.