Қазақстандық кәсіпорындарға өндірісті жаңартуға арнайы қаражат бөлінеді

20.12.2021, 16:00

Қазақстанда өнеркәсіптік гранттар беріледі. Аталмыш грант отандық кәсіпорындарды ынталандырудың өзіндік жаңа құралына айналады. Бұл туралы сенат отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады. Оның айтуынша, ақша өндірісті технологиялық жағынан жаңғыртуға бөлінеді. Яғни енді кәсіпкерлерге өз жабдықтарын жаңартуға мемлекет көмектеседі. Бұл шара шикізат, жоғары технологиялық тауарлар және аса сұранысқа ие өнімдер шығаратын өндірушілерге қатысты. Жауапты сала басшысының ақпараты бойынша, қайта өңдеуді жақсартуға баса назар аударылады. Министр республикадағы көптеген зауыт Кеңес Одағы кезінен бері жаңартылмағанын, сондықтан да еңбек өнімділігі төмен екенін айтты. Алайда кәсіпорындардың орындауы тиіс өз міндеттері болады.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Олар өздері мәлімдеген өнімнің өндіріс көлемі, сапасы, ең бастысы экспортқа бағдарлануы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс. Яғни біз қолдау көрсеткен зауыттар ең жоғары, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және бәсекеге қабілетті өнім шығаруы керек. Егер олар шарттарды орындамаса, мемлекет тарапынан жұмсалған қаражатты бюджетке қайтаруға мәжбүр болады.